100 мың теңгенің дауы: Қалқаманның дәрігері Azattyq Ruhy материалынан кейін жұмыстан кеткен

Автор: Темірхан Айжан

Аурухана басшылығы дәрігердің аты-жөнін айтудан бас тартты

Фото: видеодан кадр

Алматының Қалқаман шағын ауданында орналасқан №7 қалалық клиникалық аурухананың хирург-дәрігері редакция тілшісінің материалынан кейін жұмыстан шығып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

«Дәрігердің ресми түрде жұмыстан кету туралы өтініші, №7 қалалық клиникалық аурухананың пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінің Инстаграм әлеуметтік желісіндегі белгілі бір бейнеге қатысты Azattyq Ruhy ақпарат агенттігінің журналисінің өтінішіне сәйкес қызметтік тергеу жүргізе бастағаннан кейін жазған», - делінген аурухананың хабарламасында.

Айта кетсек, бұған дейін Гүлнәр Асанова атты әйел қызына операция жасату үшін Алматыдағы Қалқаман шағын ауданында орналасқан аурухананың дәрігеріне 100 мың теңге беруге мәжбүр болғанын айтып, редакциямызға видеоүндеуін жолдаған болатын. Біз аурухана әкімшілігімен байланысып мән-жайды анықтадық.

Аурухана басшылығы даулы оқиғадан кейін қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтады.

«Аурухана қызметкерлерімен әңгімелесу жүргізіліп, жауапкершілік шаралары түсіндірілді», - деп жазды жауапта.

Еске салсақ, Гүлнәр Асанова видеоүндеуінде қызының соқыр ішегіне ота жасағаны үшін дәрігердің «рахметіңді бер» деп 100 мың теңге сұрағанын айтқан. Ол ақ халаттылар халықтан ақша бопсалағандарын қоймай отыр деген еді. «Бұған қандай жаза бар, беретін ақшасы жоқ адам өле бере ме?» деп жанайқайын жеткізген ол.