«Рахметіңді бер». Алматы тұрғыны қызының соқырішегін алдыру үшін дәрігерге 100 мың теңге бергенін айтады

Темірхан Айжан

Гүлнәр Асанова жағдайды баяндау үшін видео түсірген 

«Рахметіңді бер». Алматы тұрғыны қызының соқырішегін алдыру үшін дәрігерге 100 мың теңге бергенін айтады

Azattyq Ruhy редакциясына Алматы тұрғыны Гүлнәр Асановадан видео келіп түсті. Ол түн ішінде соқыр ішек болған қызына операция жасау үшін дәрігердің қомақты қаражат талап еткенін айтып отыр. 

«Осыдан 6 күн бұрын қызымның кіндік тұсы ауырды. Мүмкін, ұшынып қалған шығар деп мән бермедік. Бірақ түннің ортасында қатты ауырған соң, жедел-жәрдем шақырдық. Бригада Қалқаман ауруханасына алып барды. УДЗ жасап, анализдер алғаннан кейін, аппендицит (соқыр ішек) деген диагноз қойды. Операция жасау керек деді. Операцияның алдында дәрігер-хирург қызымды жеке кабинетіне шақырып алып, «жедел операция жасау керек, бірақ маған 100 мың теңге беріп, "рахметіңізді" айтасыз" депті. Таңғы сағат 4-5-тің кезі, қызым өлім мен өмірдің арасында жатқаннан кейін маған келісуге тура келді. Келесі күні қызымның жағдайын сұрауға бардым. Хирургтың телефонын алып, сөйлестім. Ол кісі қызыма айтқан сөзді қайталады. «Маған енді рахметіңізді беріңіз» деп айтты», - деді тұрғын.

Ол қызының жағдайы одан әрі нашарлап кете ме деп қорыққаннан амалсыз дәрігерге ақша беруге мәжбүр болғанын айтады. Гүлнәр Асанованың айтуынша, ақ халаттылар халықтан ақша бопсалағандарын қоймай отыр.

«Адам өмірін сеніп тапсырған дәрігерлерге бір жаза бар ма? Біз не істеуіміз керек? Жалақысы төмен адам осындай жағдайға түскенде ақшаны қайдан тауып береді? Сонда ол адам өле бере ме? Неге осыған тоқтау жоқ?», - деді Асанова.

Azattyq Ruhy редакциясы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматыдағы «№7 қалалық клиникалық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына хабарласты. Министрлік мен аурухана өкілдері оқиғаны анықтап, жауап жібереміз деп уәде етті. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.