«Баламды дәретханада өлтіреміз деп қорқытқан»: Астанада терезеден секірген оқушының анасы жан-айқайын айтты

Аягөз Құрмаш

Мектептің төртінші қабатынан секірген бала қазір ауруханада жатыр

«Баламды дәретханада өлтіреміз деп қорқытқан»: Астанада терезеден секірген оқушының анасы жан-айқайын айтты
фото: www.istockphoto.com

Астанада мектептің төртінші қабатынан секірген оқушының қазір жағдайы ауыр. Жасөспірімнің мұндай қадамға не себеппен барғанын полиция анықтап жатыр. Ал, туыстарының айтуынша, оны мектепте қатарластары бопсалаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

8-сынып оқушысы Бекболат Сайлау кеше түсте ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Қолы, екі аяғы сынған, беліне зақым келген. Бала есін жиған соң ғана ата-анасы мән жайды біліп отыр.

«Баламның айтуынша, оны Ердәулет және Аружан деген балалар бопсалаған. Ердәулет, Димаш, Әділет деген сыныбындағы бала мені дәретханада ұрып, «қоңырауға дейін сені өлтіреміз, полицияға береміз,  сабақтан шыққанда өлтіреміз» деп айтты дейді. Содан "ашуланып кеттім де, қоңырау соғып, ағылшын пәнінің мұғалімі кіргенде, сабақ бітейін дегенше, терезеге қарап отырдым, сабақ біткеннен кейін "өле салайын, мыналар мені өлтіреді, полицияға беретін болды деп" секіріп кеттім» деді балам”, - дейді оқушының анасы Ләззат Рахмаш.

Мектеп директорының айтуынша, баланың секірген сәтін не сыныптағы оқушылар, не мұғалім байқамаған.

«Ешкім байқамай қалды. Балалар тапсырма орындап отырған, мұғалім кітап қарап отырған», - дейді  №72  мектеп-лицей директоры Айман Дүйсенова.

«КТК» телеарнасы хабарлағандай, қазір полиция мән-жайды анықтап жатыр. Іс ішкі істер министрлігінің бақылауында.

«Оқиғаны сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркедік. Тергеу басталды, соның нәтижесі бойынша қорытынды шығара аламыз. Оқиғаның себебін дәл қазір нақты айта алмаймын»,- дейді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.