Полицейлер оның өз-өзіне неліктен қол жұмсамақ болғанын анықтап жатыр
Түркістанда полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қалалық полиция басқармасының «102» номеріне таңғы сағат 6:30 шамасында С. Ерубаев даңғылының бойында белгісіз ер адамның әйнекпен өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы ақпарат түскен.
Оқиға орнына жеткен полицейлер қолында тасы бар, әйнекке мойнын тосып, жақындаса өзіне қол салатынын айтып қорқытқан ер адамды көріп, райынан қайтару үшін оны әңгіме тартады. Алайда ер адам ашуға булығып, қарсыласа бастады. Осы сәтте полицейлердің бірі ер адамды сөзге айналдырып, ал екіншісі оған байқатпай, артқы жағынан келіп ұстап қалды.
Өзіне қол жұмсамақ болған 34 жастағы ер адам қатты мас болған және өз әрекетінің себебін нақты түсіндіре алмаған.
Қазір полиция қызметкерлері оның өз-өзіне неліктен қол жұмсамақ болғанын анықтап жатыр.