Алматыдағы автобус апаты: сот Дархан Ахметжановты 8 жылға бас бостандығынан айырды

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Сот үкімі бүгін, 2024 жылдың 26 сәуірінде оқылды

видеодан скриншот

Бүгін Жоғарғы соттың тікелей эфирінде өтіп жатқан сотта Дархан Ахметжанов 2023 жылы желтоқсанда үш адамның өмірін қиған автобус апатына кінәлі  деп танылып, 8 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Дархан Ахметжанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293 бабы бірінші бөлігі бойынша 1 жылға, 351 бабы 3 бөлігі бойынша 8 жылға сотталсын. Қылмыстық кодекстің 58 бабы 2 бөлігіне сәйкес, Дархан Ахметжановқа түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза кесілді», - деді судья Шәкіров.

Айта кетейік, бүгін сот отырысында соңғы сөзін айтқан Ахметжанов 293 баптың бірінші бөлігі бойынша кінәсін мойындап, ал, 351 баптың 3 бөлігіндегі кінәні мойындамады. Осылайша ол соттан оны бас бостандығын шектеу туралы жаза қолдануын сұраған еді. 

Еске салайық, Алматыда автобус бір топ адамды қаққан еді. Полицияның мәліметінше, №47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған.

Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған.

Апат салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үшеуі қайтыс болды.