Семей орманында тағы да өрт шықты
Өрттің ауданы әлі белгісіз

Абай облысы Бородулиха ауданында, "Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында тағы да өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазір қызыл жалынды өрт сөндірушілер мен орман шаруашылығының қызметкерлері сөндіріп жатыр. Өрттің ауданы әлі нақтыланбаған.
«Бұл аймақ батпақты жетуі қиын жерде орналасқан», - деп жазады ТЖД.
Айта кетейік, Абай облысындағы орман өрті 2023 жылдың 8 маусымда тұтанған. Бір апта бойы ырық бермеген қызыл жалын 60 мың гектар қарағайлы алқапты күлге айналдырды. Алғаш болып тілсіз жауды жалаң қолмен ауыздықтауға аттанған 14 орманшы қаза тапты. Кейін Бесқарағай ауданынан өрт сөндіруге келген тракторшы да тірідей жанып кетті.