Алматыда коронавирус жұқтырған үш науқастың жағдайы ауыр
19 сәуірде Алматыда Cоvid-19-ды жұқтырған 513 жағдай тіркелді
Бүгін қалада індет жұқтырған 8 жағдай анықталды, деп хабарлайды әкімдік.
«Алты науқас қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының, біреуі Орталық қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлері. Сондай-ақ біреуі провизорлық стационарда карантинде емделіп жатқан, бұған дейін вирус жұқтырған науқаспен байланыста болған науқас бар»,- делінген ақпаратта.
Жалпы инфекциялық стационарларда Алматы облысынан бір әйел адамды есепке алғанда коронавирустық инфекциядан 427 адам емделуде.
«Үш емделушінің жай-күйі — өте ауыр, 6-уы — ауыр, 121 адамда ауырлықтың орташа дәрежесі, қалғандарының денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда. Қауіпті індеттен 84 науқас емделіп шықты», - делінген хабарламада.
Провизорлық госпитальдарда 278 адам, карантиндік оқшаулауда — 431, үй карантинінде 9687 адам бар.