ІІМ кәсіпкерлерге өз өндірісін колонияларда дамытуды ұсынады
Карантин кезінде 1,2 млн аса маска мен 3 мыңға жуық қорғаныш костюмі түрмеде тігілді
ІІМ кәсіпкерлерге өз өндірісін колонияларда дамытуды ұсынады, – деп хабарлайды Polisia.kz. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Нұр-Сұлтан қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге барған жұмыс сапары кезінде айтты. Бүгінде қылмыстық-атқару жүйесіндегі өндірістік қызметті екі республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады – «Еңбек» және «Еңбек-Өскемен» РМК, оған елдің барлық өңіріндегі 16 филиал кіреді.
Мекеменің өндірістік алаңдары түрлі салаларға бейімделген. Колонияларда 100-ден астам өнім түрлері жасалады. Олар металл құрылымдарын дайындау, металл және ағаш өңдеу, темір-бетон және құрылыс материалдарын шығару, тігін бұйымдары мен аяқ киім тігу, ұн және нан өнімдерін өндіру, сотталғандарды ас-сумен қамту, оларды арнайы киіммен, төсек-орын жабдықтарымен және мекеме қызметкерлерін тиісті киім формаларымен қамтамасыз ету сияқты тауарлар мен қызметтердің бірнеше түрін ұсынады.
ҚАЖ кәсіпорындары шығаратын бұйымдардың ассортиментінде халық тұтынатын тауарлар, оның ішінде саябаққа қойылатын орындықтар, балалар ойын алаңына арналған дүниелер, қоқыс салатын бак пен жәшіктер, шам бағандары, шағын сәулет нысандары және тағы басқа бұйымдар ұсынылған. Нұр-Сұлтан қаласының қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев қылмыстық-атқару жүйесі кәсіпорындары шығаратын өнім үлгілерімен де танысты.
«Осы мекемені мысалға ала отырып, біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында өз өндірісін дамытқысы келетін бизнес өкілдерін тартқымыз келеді. Мысалы, жиһаз цехын, үй мен түрлі ғимараттардың құрылысына арналған темір-бетон бұйымдарын өндіруге болады. Мұнда кәсіби техникалық училище бар. Колледж оқытушылары сотталғандарды түрлі мамандықтарға оқытады. Осы мекеменің негізінде біз қылмыстық-атқару жүйесінің барлық өндірістік қуатын дамытатын боламыз», – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
Сонымен қатар, ІІМ басшысы коронавирустың алдын алу үшін барлық мекемеде карантин екенін, кездесуге, түрлі іс-шараларға тыйым салынғанын да айтты. Дегенмен, алдын алу шараларының арқасында колонияларда өндірістік қызмет тоқтатылған жоқ. Мысалы, ҚАЖ мекемелерінде карантиндік іс-шараларға қатысатын қызметкерлер үшін 1,2 млн аса маска мен 3 мыңға жуық арнайы қорғаныш костюмдері дайындалған.