Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватында өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр
Бірқатар кедергілер өрт ошақтарын сөндіру жұмыстарын қиындатуда
Алматы облысы Балқаш ауданындағы қамыс өсімдіктері мен шөп өртін сөндіру жұмыстары жалғастырылуда, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, елді мекендерге қауіп жоқ.
«Су ағызу құрылғысы бар «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағымен өрт ошақтарына әуеден 65 рет жалпы көлемі 195 тонна су төгілді. Авиациялық техниканы пайдалану және жетуі қиын жерлерге орман шаруашылығының қызметкерлері мен өрт сөндірушілерді жеткізу сияқты қабылданған шаралардың арқасында жекелеген өрт ошақтары сөндіріліп, жақын маңдағы шаруа қожалығы аман қалды», - делінген хабарламада.
Шымтезек, техниканың жетуі қиын, батпақты жерлер және үнемі өзгеріп отыратын желдің бағыты өрт ошақтарын сөндіру жұмыстарын қиындатуда.
Өртті сөндіруге ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, жергілікті тұрғындар жұмылдырылып, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылуда.