«Путинская делегация»: Байжанов пен Bau мейрамханасының әкімшісі не туралы сөйлескен?
Мейрамхананың әкімшісі Бишімбаевты шетелге жіберуді өтінген

Салтанат Нүкенова қайтыс болар күні Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға делегациямен келген. Бақытжан Байжановтың сөзінше Владимир Путиннің сапарын ұйымдастырушылар Bau мейрамханасының VIP бөлмесінде отырмақ болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«9 қарашада Путин Астанадағы Talan Towers- ке делегациямен келді. Ұйымдастырушылар біздің VIP бөлмеге алдын-ала бронь қойған», - деп түсіндірді Байжанов.
Сотталушы сағат 14.30 кезінде әкімші Қарлығашқа хабарласып, банкеттердің болмайтынын айтады. «Оны кейінге шегер немесе мүлде өткізе алмаймыз деп түсіндір» деп жазған оған.
Сол күні таңертең әкімші Байжановқа аудио хабарлама жіберген. Ол Бишімбаевтың мейрамхана қызметкерлеріне тыныштық бермегенін айтады.
«Жігіттерге жұмыс істетпеді...Оларға тиісе бастаған. Оны түнде шығарып жібердік. Бірақ қайтып келіп алыпты. Бірінші VIP-тің астаң-кестеңін шығарған. Әйелін ұрған дейді. Сыртқы есікті жұлып ала жаздапты. Сосын асхана жақпен кірген. Ыдыстың бәрін қиратып тастаған. Бақытжан бірдеңе істеу керек. Әзірге жұмысқа мүлде келмесінші, тыныш жұмыс істеуге мүмкіндік берсін. Қызметкерлердің быт-шытын шығарды ғой... Оны шетелге жіберіңіздер, тыныш жұмысымызды істейікші», - дейді Қарлығаш.