Әнші Арман Қоңырбаевқа ТЖ талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салынды
Ол түнгі уақытта лаундж барда болған
Әнші Арман Қоңырбаевқа ТЖ режимінің талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салынды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Абай даңғылында орналасқан лаундж барда түнгі уақытта адамдар болған. Жедел іс-шаралар нәтижесінде бұл көңіл көтеру орнының елдегі Төтенше жағдай талаптарына қайшы жұмыс істеп жатқаны анықталды. Бар есігі жабық болғанымен, ішіне тек сенімді клиенттер жіберіліп отырған. Олардың қатарында әнші Арман Қоңырбаев та бар. Ол өзінің тәртіп бұзғанын мойындады», - деп жазылған хабарламада.
Полиция департаментінің хабарлауынша, бардың иесін қосқанда он адам әкімшілік жауапқа тартылған. Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен Арман Қоңырбаев пен тағы екі адамға 10 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалды. Ал қалғандары 5-15 күнге қамауға алынды.