Алматыда карантин кезінде мейрамханаға барған полиция басқармасының басшысы жұмыстан қуылды

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай ақ, полицияға пысқырмаған кортеж мүшелері де ұсталды 

Алматыда Қарасай ауданына шығатын бағыттағы блок-бекетте заңбұзушылық жасаған бір топ азамат қамауға алынды. Бүгін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қымбат көліктерге мініп,  қала шекарасынан еркін өтіп кеткен көліктердің кортежі бейнелденген видео тараған еді. Алайда блок-бекеттерге тоқтамақ түгілі, жол ережелерін өрескел бұзған азаматтарды полиция тоқтатпайды. Бұл әрекеттің барлығын көлік ішіндегі азаматтар өз ұялы телефондарына түсіріп отырғанын байқауға болады. 

Карантинге байланысты қойылған полиция жасақтарының алдынан кедергісіз өткен бірнеше автокөлікке байланысты Алматы қалалық Полиция департаменті мәлімдеме жасады. Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, элиталы автокөліктерден тұратын кортеждің барлық мүшесі анықталған.

«Бентли» автокөлігінің жүргізушісі 1995 жылы туған Жанұзақов Е.Т., оның жолаушысы Асылбеков Ш.А, 1993 жылы туған «Кадиллак» автомобилінің жүргізушісі Жұмағұлов  С.Д., оның жолаушысы Қанаев Е.Н., «Мерседес» көлігінің 1980 жылы туған жүргізушісі Артықбаев М.М. 15 тәулікке  қамауға алынды. Оларға ҚР ӘПК 476 бабымен әкімшілік іс қозғалып, «ТЖ тәртібін бұзғаны» үшін сот шешімі шыққан. Алматы облысы Қарасай ауданының соты  Әкімшілік кодекстің 596-бабы 3-бөлігімен (жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін) айыппұлдар салды», - деп мәлімдеді қалалық ПД баспасөз қызметі.

Бұлардан бөлек, тағы екі азаматқа іздеу жарияланған. Төрт автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Алматы қалалық ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Блок-бекеттен жүргізушілердің кедергісіз өтуін қамтамасыз еткен полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Ал бейнекөрініс соңында мейрамханадағы отырыста қалалық Криминалдық полиция басқармасының бастығы Ж. Зиадиннің болғаны белгілі болды.

«Басқарма жетекшісі қызметінен шеттетілді», - делінген мәлімдемеде.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы