Алматыда 20 сәуірден кейін 160 мың адам жұмысқа оралады

Автор: Azattyq Rýhy

Алматыда ТЖ кезінде 300 мыңға жуық адам уақытша табыссыз қалды

Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен құрылыс компанияларының басшыларымен 20 сәуірден бастап жұмысты қайта жандандыру мәселелерін талқыланып жатыр. Бүгіннен бастап жұмыс істеуге өтініш бергендердің нысандарын арнайы комиссия тексеруді бастады. Ал тексеру мен дайындығына қарай рұқсат беру бір күн ішінде шешіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұл туралы арнайы брифингте Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин толығырақ айтып берді.  Әкімдік өкілі кәсіпорындар қызметін жандандырудың басты шарты – санитарлық қауіпсіздікті сақтау деп есептейді. Қызметкерлердің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың коронавирустық инфекцияны жұқтырып алмауына жағдай жасау кәсіпорын басшыларының жауапкершілігіне кіреді. Алдағы екі күнде  әкімдік, «Атамекен» ҰКП және Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті департаментінің өкілдері кәсіпорындардың дайындығын тексеріп шықпақ.  

«Бұл үдерісті біз осы дүйсенбі,  20 сәуірден бастауды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы – қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын қорғау жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтауды назарға алу керек. Ал талаптар бұзылып, заң орындалмаса, кәсіпорындарға елдегі төтенше жағдай аяқталғанға дейін жұмыс істеуге тыйым салынады»,- дейді басқарма басшысы. 

Ал осы кәсіпорындардың Алматы қаласына шегаралас аудандардағы жұмысшылары карантин талаптарына сай қала аумағына кіргізіледі. Бірақ  жұмысшы 14 күндік карантин тәртібін сақтуы тиіс. Тек содан кейін ғана, коронавирустан сау болған жағдайда жұмыс орнынан келе алады, дейді қалалық әкімдік өкілі. 

«Алматы қаласында инвестициялық кіріс 2020 жылдың алғашқы тоқсанындыда 140 млрд теңге болды. Оның тең жартысы құрылыс секторына тиеселі. Алдағы дүйсенбіден бастап іске қосылатын құрылыс компанияларында 60 мың адам жұмысқа оралады. Негізі бұл салада 250 мың адам еңбек етеді.  Ал өнеркәсіп саласында 100 мың адам жұмысқа кіріседі деп жоспарлап отырмыз. Сонда 20 сәуірде қалада 160 мың адам жұмыс орнына оралады»,- дейді Е. Оразалин.

Өнеркәсіп және құрылыс саласындағы компаниялардан бөлек құрылыс саласындағы көтерме сауда нарығының жұмысын іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, алдын ала жазылу бойынша нотариустар және Алматының Наурызбай ауданындағы ХҚКО-ның бір кеңсесі тек бизнеске қызмет көрсету үшін жұмыс істейді.

Айта кету керек, Президент жанындағы Мемлекеттік комиссияның шешімімен өнеркәсіптік және құрылыс секторлары мен ілеспе қызметтер көрсететін компаниялар кәсіпорындарының қызметін кезең-кезеңімен қайта жаңғырту туралы шешім қабылданған болатын. Алматы қаласы әкімдігінің дерегінше, жұмыспен қамтылғандар ТЖ кезінде  728 мың адамға қысқарды. Олардың ішінде 200 мың адам қашықтан жұмыс жасау режиміне көшкен, негізінен қаржы секторында, сондай-ақ білім беру, мемлекеттік басқару, ақпарат және байланыс салаларында жұмыс істейді. Нәтижесінде, 300 мыңға жуық адам уақытша табыссыз қалды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы