Жаңа туған сәбидің салмағы - 3,5 келі
13 сәуірде КВИ жұқтырған адаммен байланыста болған әрі жүктіліктің 39-аптасында жүрген әйел №1 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Одан коронавирусты анықтау бойынша талдау алынып, оң нәтиже көрсеткен. 15 сәуірде дәрігерлер оған кесарь операциясын жасап, босандырып алды. Операция сәтті өтіп, өмірге салмағы 3,5 келіден асатын ұл дүниеге келді.
«Жаңа туған нәрестеден де талдаулар алынып, теріс нәтиже көрсетті. Сәбидің дені сау. Қазір ол балалар бөлімшесінде жатыр», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Қазір анасының жай-күйі – қанағаттанарлық, ол жақын арада емдеуді жалғастыру үшін инфекциялық стационарға ауыстырылады. Пациент коронавирустан толық айыққан соң ғана ұлымен көріседі. Коронавирус жұқтырған әйел №1 қалалық клиникалық аурухананың провизорлық орталығында босанған. Жалпы, қалада КВИ диагнозы бар жүкті әйелдер осы ауруханаға жатқызылады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы