«Жұмыс істемейтіндер және оқымайтындар»: Талдықорғанда полицейлер төрт бұзақыны ұстады
Жас жігіттер тәртіп сақшыларын көріп, жасырынуға тырысқан
Талдықорған полицейлері төрт бұзақыны жауапкершілікке тартты. Олар камералардың арқасында анықталып, «ізін суытпай» ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүргізетін инспекторлары облыс орталығындағы сауда үйлерінің бірінің жанында түнгі уақытта өздерін агрессивті ұстаған жастар тобына назарларын аударған. Көп ұзамай олар сауда үйлеріне іргелес көкөніс сататын дүкендердің терезелерін сындырып, билбордтарды, электр шамдарын және аялдаманы шаға бастаған. ЖБО қызметкерлері жақын маңдағы полиция жасақтарын дереу оқиға орнына жіберді», – деп атап өтті Талдықорған ҚПБ ЖБО бастығы Айдын Ибраев.
Төрт бұзақы оқиға орнында ұсталды. Белгілі болғандай, құқық бұзушылар NEET санатындағы жастар, яғни еш жерде жұмыс істемейтіндер және оқымайтындар.
«Жас жігіттер тәртіп сақшыларын көріп, жасырынуға тырысқан. Бірақ олардың әрекеттері нәтижесіз болды. Құқық бұзушыларды патрульдік полиция қызметкерлері ұстап алып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартты. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залал толық көлемде өтелді», – деп толықтырды А. Ибраев.