ТЖ кезінде жалған ақпарат таратып, полицияға бағынбағандар жауапқа тартылып жатыр

Аягөз Құрмаш

Әр өңірде жалған ақпарат таратқандар ұсталған

ТЖ кезінде жалған ақпарат таратып, полицияға бағынбағандар жауапқа тартылып жатыр
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ-да өткен брифингте жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылып жатқандарын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қайсар Сұлтанбаев жалған ақпараттың таралуына жол бермеу мақсатында Ішкі істер органдарымен ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізіп жатыр.

«Мысалы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны су тасқыны салдарынан қалада жол жабылды деп жалған ақпарат таратып, жауапқа тартылды. Осы орайда жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. Қостанайда су басқан аймаққа кіруге тыйым салу туралы полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 4 адам жауапқа тартылды. Мәселен, 6 сәуірде түнгі уақытта Қостанайда тереңдігі бір метрге дейін жететін су басқан аймаққа өтпек болған мас  адамдар ұсталды. Олар полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, талаптарына бағынбаған. Одан бөлек, құқық бұзушылар қоғамдық орында мас күйде жүргені және төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапқа тартылды», - деді Сұлтанбаев.

Сондай-ақ, Қаратомар су қоймасындағы жарықшақ туралы жалған ақпарат таратқаны үшін Қостанай қаласының тұрғынына қатысты тағы бір әкімшілік материал жиналған. Олар сотқа жіберілмек.

«​Еліміздің заңнамасына сәйкес төтенше жағдай мен жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады. Мысалы, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жаза күшейтілді. Осы кезде жалған ақпарат тарату, билік өкіліне бағынбау, оған қатысты қорқыту немесе зорлық-зомбылық жасау жауапкершілікті ауырлатады», - деді ол.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.