Ұшақта электронды темекі шеккен жолаушы жауапқа тартылды
Әуе кемесі әуежайға келіп қонғанда оны желілік полиция қызметкерлі күтіп алды
FlyArystan компаниясының ұшағымен Алматыдан Павлодарға сапар шеккен жолаушы рейс кезінде борт қызметкерлерінің ескертуін елеместен электронды шылымын түтіндеткен. Әуе кемесі әуежайға келіп қонғанда оны желілік полиция қызметкерлі күтіп алды. Бұл туралы желілік полиция бөлімінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«FlyАrystan әуе компаниясының «Алматы-Павлодар» бағытындағы рейсі ұшып келгеннен кейін полиция қызметкерлері акті бойынша құқық бұзушыны әуежайда тежеп қалды. Алмы облысы Талғар ауданының 34 жасар тұрғыны ұшақ салонында электронды шылым шеккен», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 441-бабы 1 және 2-тармақтарында әуе кемесінің бортында темекі және электронды шылым шеккені үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны көрсетілген.
Азаматшаға электронды темекі өнімдерін тұтыну фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 184 600 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.