Шымкентте тұратын келіншек кір жуатын ұнтақтарды заңсыз өндіріп келген

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Әйелден 1 тоннадан астам кір жуғыш ұнтақ тәркіленді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Шымкент қаласы Қаратау ауданының аумағында белгілі брендтердің атын жамылып, кір жуғыш ұнтақ дайындаған цех анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли журналистерге арналған брифингте мәлім етті.

«Биыл наурызда Шымкент қаласының Әділет департаменті Полиция департаментінің көмегімен Қаратау ауданының аумағында белгілі брендтердің атын жамылып, жалған кір жуғыш ұнтақтарын дайындайтын цехты анықтады. Тексеру барысында «Ariel AQUA PUDRA» қаптамасындағы 102 дана кір жуғыш ұнтақ, «Tide AQUA PUDRA color» қаптамасындағы 20 дана кір жуғыш ұнтақ пен «Миф AQUA PUDRA» брендінің 50 дана материалы тәркіленді», - деп хабарлады Талғат Уәли.

Брифинг аясында журналистердің сұрағына жауап бере отырып министрліктің ресми өкілі бұл цехта әйел адам жұмыс істегенін атап өтті. Жалпы, цех ішінен тәркіленген контрафактілік өнімнің жалпы салмағы 1 тоннадан асқан.