Қазақтың белгілі жазушысы Жұмабай Шаштайұлы дүниеден өтті

Қаралы хабарды әлеуметтік желіге Қасымхан Бегманов жазды

Қазақтың белгілі жазушысы Жұмабай Шаштайұлы дүниеден өтті
Фото: qalamger

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазақ руханиятында өзіндік қолтаңбасымен танылған жазушы 74 жасқа қараған шағында ауырып қайтыс болды.  

«Таң атпай жеткен қаралы хабар көңіл-күйімді бұзды. Төрт-бес күн бұрын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкен жазушы досының ауруханада ауыр халде жатқанын жоғары жақтағы басшыларға жанұшырып айтып, дәрігерлерге хабарласып жатқанын естіп едім. Көңілім сенбеп еді. Болмаған екен ғой. Өте өкінішті...

Қазір Алматы әуежайында Атырауда өтетін ұлттық құрылтайға қатысуға ұшқалы тұрған Жазушылар одағының төрағасына жан досының, өмір бойы қатар жүрген, сыйласқан досының дүниеден өткенін амалсыз хабарлауға мәжбүр болдым. Өмір деген осы, бүгін бар адам, ертең жоқ», - деді жазушы Қасымхан Бегманов.

Жазушы оқырман қауымға бірнеше еңбегімен танымал. Оның «Қияда» атты алғашқы повесі, «Қызыл қар», «Жала мен нала» (1987), «Жыр жолбарыс (1996), «Біздің заманның Аяз биі» (1997), «Жаңғырық» сынды шығармалары оқырманға жақсы таныс. 

«Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, қазақтың қабырғалы, талантты жазушысы Жұмабай Шаштайұлы қасиетті рамазан айында дүниеден өтті. Жұмабай ағамыз иманды, өте мейірімді азамат болатын. Ағамызбен риясыз сыйластық. Талай сапарлас болдық. Жазушы Жұмабай Шаштай ғазиз атына кір шалдырмай өткен саңлақ. Пендешіліктен аулақ өмір кешті. Асыл ағамыз мына жалғанды тастап, бұрынғылардың жолына түсті. Біртіндеп қазақтың бүгінгі ірілері кетіп жатыр. Жақындарына, жанұясына, қалың қазаққа көңіл айтамын. Жаныңыз жәннәтта болсын, Жұмабай Аға», - деді Багманов.

Жұмабай Шаштайұлы «Коммунизм жолы» газетінде, 1980-87 жылдары республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, 1987- 90 жылдары «Жалын» журналында жұмыс істеді. 1990-92 жылдары «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-96 жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. 

2002 жылдан Қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарды. 2008-2017 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болған. Ол Президент және «Алаш» сыйлықтарының, «Парасат» орденінің иегері. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.