$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ағасы Конституциялық Сот төрағасының орынбасары»: танымал журналист Тоқаевтан көмек сұрады

Журналист Нұртас Солтанұлының туған ағасын қаскөй пышақтап өлтірген

«Ағасы Конституциялық Сот төрағасының орынбасары»: танымал журналист Тоқаевтан көмек сұрады
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Белгілі журналист, Қазақ радиоларының Бас директоры Нұртас Солтанұлы Президенттен көмек сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігі. 

Оның ағасын ШҚО-ның Марқакөл ауданында шаруа қожалығының басшысы пышақтап өлтірген. Кісі қолынан мерт болған Жарас Күшеровты қаскөй 2 наурыз күні пышақтаған. Журналистің айтуынша, күдікті бұған дейінде екі адамды өлтірген. Алайда биліктегі ағасының арқасында жеңіл жазамен құтылып кеткен. Осымен үшінші адамды мерт қылған қаскөй бұл жолы да жазадан құтылып кетуі мүмкін.

«Біздің әулетіміз үлкен қайғыға душар болды! 2 наурыз күні ШҚО, Марқакөл ауданы, Қалжыр ауылында менің туған ағам Кушеров Жарас Солтанұлын осы ауыл түрғыны Нурмуханов Бауыржан Мақсатұлы пышақтап өлтіріп кетті. Бұл туралы марқұм ағам менің апайым Жадыраға тірі кезінде хабарласып үлгеріп, телефонмен көмек сұраған. «Мені Нурмуханов Бауыржан пышақтап кетті, қор болдым-ау» деп айтқан.Күдікті бұған дейін де 2 адамды өлтіріп, бір жолында «условно» алса, келесі қылмысы үшін 3,5 жыл ғана отырған. Себебі, оның туыстары өте ауқатты және ықпалды адамдар болғандықтан деп ойлаймын. Мысалы, күдікті Нурмуханов Бауыржан Максатұлының немере ағасы Нурмуханов Бақыт Маратұлы ҚР Конституциялық Соты төрағасының орынбасары», - деді Президенттен көмек сұраған Нұртас Солтанұлы.

Айтуынша, қазір істі тергеп жатқан тергеушілер де күдіктінің "жақын таныстары". Марқұм бұрын ел тыныштығын сақтауда еңбек етіп, құқық қорғау органында жұмыс істеген. Туған ағасынан айырылған журналист, өзін ШҚО ПД бастығы қабылдамай қойғанын да айтты.   

«Істі тергеп жатқан күдіктінің ауылдастары, жергілікті ПБ бастығы Жандос Кушкинчинов, Марқакөл аудандық прокурорының орынбасары Ержан Азимбаев та, бірі Нурмухановтардың ауылдастары болса, енді бірі жақсы араласатын адамдары. Сондықтан олар істі, менің ағам күдіктіге шабуыл жасау кезінде өзін-өзі пышақтап өлді дегенге әкеле жатыр. Тіпті ертең менің ағама неше түрлі жала жауып, өзін кіналы етіп шығаруы мүмкін! Бұған дейін 2 адам өлтірген Нурмуханов Бауыржан тағы да құтылып кетуі мүмкін. Бұл қоғамға қауіпті адам. Бүгін мені қан қақсатса, ертең Сізді зар жылатуы мүмкін! Жергілікті ШҚО Полиция департаментінің бастығы Е. Омарбековке де осы мәселені айту үшін барғанмен, ол кісі қабылдамады.

Бізге тек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ғана көмектесе алады. Барлық үмітіміз ҚР Конституциясы сақталуының гаранты Президент мырза ғана!  Қанішердің барынша қатаң жазалануын бірге талап етулеріңізді сұраймын!», - деді Қазақ радиоларының Бас директоры.

Мерт болған Жарас Күшеров тірі болғанда жуырда 50 жасқа толар еді. Ол ауылдағы ағайынға көмек көрсетіп, қарт анасы мен отбасын асырап отырған.

Мезгілсіз мерт болған Жарас Солтанұлының артында екі қызы мен немерелері, аңырап ағайыны, қарт анасы қалды.  Марқұмның қызы Сая Жарасқызы да ел Президентінен, Бас прокурордан, Ішкі істер министрінен көмек сұрап, видео үндеу жариялады. Ал күдіктінің туыстары аса жоғары лауазымды қызметке ие екендіктерін аудан тұрғындары біледі деп отыр. 

«Мен, сондай-ақ әкемнің жақын туыстары Сізден (Президент Тоқаев - ред) көмек сұрауға мәжбүр, өйткені құқық қорғау органдары бүгінгі күнге дейін белсенді емес. Тергеу органы істің нәтижесіне жасырын қызығушылық танытпайды деп санаймыз. Адам өлтірген Нұрмұханов Бауыржан Мақсатұлы бұған дейін жеке адамға қарсы осындай қылмыстар үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ауданның барлық тұрғындары Нұрмұханов Бауыржанның ағасы - Нұрмұханов Бақыт Маратұлы ҚР Конституциялық Соты Төрағасының орынбасары, тағы бір ағасы Нұрмұханов Мұрат Мақсатұлы прокуратураның қызметкері екенін біледі.  Нұрмұханов Бауыржан өз үйінде әкемді ұрып-соғып, жүрегіне пышақ сұғып, оны өлуге қалдырды. Қастандық 2 наурызда жасалды, бірақ бүгінгі күнге дейін Нұрмұханов Бауыржан күдікті деп танылған жоқ, бірақ куәгер!!!», - деді Президенттің атына үндеу жолдаған Сая Солтанова. 

Жәбірленушілер аудан мен облыстық полиция, прокуратура қызметкерлеріне сенбейтіндерін мәлімдеді. Ал ШҚО ПД күдіктінің қамауға алынғанын айтқанмен, қандай бап бойынша іс қозғалғанын жасырып қалды.  

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Күдікті «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді. Бұл мәселе ШҚО Полиция департаменті бастығының ерекше бақылауында», - деді ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Медет Бердімұратов.

Серіктес жаңалықтары