КамАЗ жүргізушісі табиғат қорғау заңнамасын бұзып, заңсыз қиыршық тас тасымалдаған
Түркістан облысы полицейлері заңсыз тау тасын тасыған азаматты жауапқа тартты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек АПБ-нің жергілікті полиция қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактісін анықтап, заңсыз қиыршық тас алып, тасымалдағаны үшін КамАЗ жүргізушісін жауапкершілікке тартты.
«Бұған дейін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде пайдаланушылардың бірі Қошқар-ата-Шаян тас жолы бойында қиыршық тас тасымалдаған жүк автокөлігі бар бейнежазба орналастырғаны анықталды. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Бәйдібек АПБ-нің полиция қызметкерлері КАМАЗ жүргізушісінің жеке тұлғасын анықтады, ол жергілікті тұрғын болып шықты. Тәртіп бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590 бабы 2 бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 13 мың теңгеден астам айыппұл салынды», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға әрбір заңға қайшы жасалған іс-әрекеттердің соңы қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.