Алматыда тағы 15 медқызметкер коронавирус жұқтырып алған
Індет жұқтырғандар арасында жүкті әйел де бар
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 12 сәуір күні тағы 15 медицина қызметкерінің коронавирус жұқтырып алғаны туралы мәлімдеді. Індет жұқтырғандар арасында бір жүкті әйел бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жалпы, екі күннің ішінде вирусты 27 медицина қызметкері жұқтырғаны тіркелді. Олардың қатарында дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкері және т. б. мамандар бар.
Полисегментарлық пневмонияға байланысты екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қалғандарының денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда», - делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетсек, 11 сәуір күні тағы 12 медицина қызметкері, оның ішінде екі дәрігер, 10 медбике қауіпті вирус жұқтырып алғаны белгілі болған еді.
Бұған дейін Қазақстанда 120 медқызметкердің COVID-19 жұқтырғаны айтылған болатын.