Атырау облысының бас санитарлық дәрігері полиция алып кеткен журналистерге қатысты пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

БАҚ өкілдері полиция басқармасынан карантиндік стационарға жеткізілген

Фото: azh.kz

Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев «КТК» телеарнасының журналисі мен операторының оқшаулану алгоритміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.  

Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, 8 сәуір күні Атырау қаласындағы Облыстық аурухана карантинге жабылған. Соған байланысты аурухана аумағында бөтен адамдардың жүруіне және ғимарат ішіне кіруіне қатаң тыйым салынған.

«Бүгінгі таңда медициналық мекеме коронавирус инфекциясының ошағы саналады. Сол себепті ол жерде арнайы қорғаныс құралдарынсыз жүру қауіпті. Сонымен қатар журналист пен оператор инфекция жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың жанында жүретін дәрігермен жақын қарым-қатынаста болған», - деді Темірбек Мұсағалиев.

Атырау облысы бас санитарлық дәрігерінің ресми мәлімдемесі бойынша, әрекет ету алгоритміне сәйкес БАҚ өкілдері қалалық полиция басқармасынан карантинді және провизорлы стационарға жеткізілген. Олардан Covid-19 анықтау үшін анализ алынған. Тест нәтижесі алдағы күндері шығады. Тексеру кезінде оператордың дене қызуы көтеріліп тұрғаны анықталды.

Айта кету керек, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Атырауда полицияның «КТК» операторы мен журналисін алып кеткені туралы хабарланған еді. Олар Облыстық аурухана маңында сюжет түсіріп жүрген.