СҚО-да өз отбасын өлтірді деп күдіктелген жігіттің соты қашан басталатыны айтылды
Жеке үйдегі өрттен 20 жастағы әйел мен екі бала қаза тапқан болатын
Петропавлда отбасы өрттен қаза тапқан ер адамның ісі бойынша жақында сот процесі басталады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Петропавловск.news-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 25 қыркүйекте болған еді. Жеке үйдегі өрттен 20 жастағы әйел мен екі бала қаза тапқан болатын. Сол кезде қайтыс болған балалардың бірінің әкесі, екіншісінің ағасы болған ер адам өртеніп жатқан үйден терезеден секіріп шығып, аман қалған.
Алайда ет жақындарынан айырылған 25 жастағы жігіт бір ай өткен соң екі және одан да көп тұлғаларды өлтірді деген күдікке ілінеді.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов оқиғаға қатысты тергеудің қай кезеңде екенін айтты.
«Аталған дерек бойынша негізді күдікті тұлға анықталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс аяқталды. Күдікті қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Кейін материалдар сотқа жіберіледі», - деді Айдын Қабдулдинов.
Естеріңізге сала кетейік, өрт сөндірілгеннен кейін үйдің кіреберіс бөлмесінен 2003 жылы туған әйел мен екі баланың – 2022 жылы туған қыз бала бен 2018 жылы туған ұл баланың мәйіттері табылған болатын.
Өрт болған үйде екі отбасы – 25 жастағы ер адам әйелімен және 1,5 жасар қызымен және анасы 5 жасар ұлымен тұрған. Үйде өрт тұтанған күні 5 жастағы баланың анасы жұмыста болған. Өрт шыққан сәтте 25 жастағы ер адам терезені ашып, далаға шыққан.
«Өрт құшағында қалғандар» өз бетімен шығуға тырысқаныман, сол күйі үйден шыға алмай, қайтыс болған. Өртті сөндірген кезде балалардың мәйіті үй кіреберісіндегі есік жанынан табылған. Олардан бір жарым-екі метр жерде 20 жастағы әйелдің жансыз денесі жатқан.
Бастапқыда өрттің шығуының алдын ала себебі қысқа тұйықталу делінгенімен, бір айдан соң, 21 қазанда анықталған деректерге байланысты қылмыстық іс «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру» санатына ауыстырылды. Сондай-ақ «Кәмелетке толмаған баланы өлтіру» қылмысы бойынша қосымша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – 25 жастағы үй иесі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Отбасының көршілері ерлі-зайыптының тыныш өмір сүргенін, үйден қандай да бір жанжал, ұрыс-керіс, балалардың айғайы естілмегенін айтады.