Әлеуметтік желі арқылы атыраулық тұрғындардың 4 млн теңгесін жымқырған алаяқ сотталды

Автор: Аманалина Тоғжан

29 жастағы күдікті кінәсін толық мойындады

фото: depositphotos.com

2023 жылдың ақпан айында белгісіз адам әлеуметтік желі арқылы Шымкент қаласынан арзан бағада жиһаз жасайтын парақша ашып, Whats App желісінде белгісіз нөмерді енгізіп қойған. Аталған жарнамаға Атырау қаласының тұрғындары қызығушылық танытып, банк қосымшасы арқылы алты айға несие рәсімдеп және алдын-ала төлем ретінде қомақты қаржы аударып, сан соғып қалған, деп хабарлайды Azattyq Ryhy Атырау облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жарнамаға алданған тұрғындардың бірі Шымкент қаласынан 24 дана орындыққа тапсырыс беріп, жеке кәсіпкердің атындағы банк қосымшасына алты айға 675 996 теңге несие рәсімдеп және 833 000 теңге көлемінде аударым жасаған. Алайда, тапсырыс берген тауар келмей, сатушымен байланыс үзілген. Нәтижесінде 66 жастағы қала тұрғынына 1 508 996 теңге материалдық шығын келген.

«Атырау облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу кезінде күдікті ретінде 1994 ж.т. Түркістан облысының тұрғынын анықтап, дәл осындай алаяқтық жолмен Атырау қаласының үш тұрғынын алдап, барлық жәбірленушілердің 4 млн теңге көлемінде ақша қаражатын иемденгенін анықтады», - деп хабарлады құзырлы орган.

Сотқа дейінгі тергеу кезінде 29 жастағы күдікті өз қылмысын толықтай мойындап, қазіргі таңда Атырау қаласының №2 сотының шешімімен қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.