Жүк салғышта отырып көше аралаған: Шымкентте жол ережесін бұзғандар жауапқа тартылды
19 жастағы жүргізушіге айыппұл салынды, ал жолаушыларға қатысты хаттамалар толтырылды
Шымкентте жол ережесін өрескел бұзған жастар жауапқа тартылды. Олардың ерсі әрекеттерінің видеосы желіде тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан екі жігіттің жүк салғышта еркін отырғанын көруге болады.
Шымкенттік полиция қызметкерлері бұл құқық бұзушылықты әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтады.
«Тәртіп сақшылары «бремендік музыканттарды» тез арада анықтады. 19 жастағы жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы бойынша айыппұл салынды, ал жолаушыларға қатысты осы кодекстің 615-бабы бойынша хаттамалар толтырылды. Тәртіп сақшылары жол үстіндегі мұндай әрекеттер қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін екенін ескертеді және қозғалыс ережелерін қатаң сақтау қажеттілігін еске салады» - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.