«Көпірден секірген»: Шымкент полицейлері суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды
Оның мұндай қадамға мас күйінде барғаны белгілі болды

Шымкент полицейлері суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Төтенше оқиға кеше түстен кейінгі уақытта болды. Көпірден өзенге секірген әйелді кездейсоқ куәгер байқап қалып, полицияға хабарлаған.
Оқиға орнына патрульдік автоэкипаж жедел жетті.
Инспектор Нұрислам Құдайберген батып бара жатқан әйелді құтқару үшін суға түсті. Полицей оны киімінен ұстап, әріптестерінің көмегімен жағаға шығарып алды.
«Бізде ойлануға уақыт болған жоқ. Азаматшаны көріп, мен бірден оны алып шығуға асықтым, тіпті судың қаншалықты салқын екенін сезбеппін. Әлбетте, әйелді жағаға шығару әріптестерімнің көмегінсіз мүмкін болмас еді. Бұл - батырлық емес, бұл менің міндетім. Өйткені, адам өмірі тәуекелге тұрарлық», - дейді Нұрислам.
Әйел адам зардап шеккен жоқ. Полиция қызметкерлері оны дәрігерлерге тапсырды. Мұндай қадамға оның мас күйінде барғаны белгілі болды.