Павлодар облысында дала өртеніп, ауыл тұрғындары эвакуацияланды
Бір апта ішінде өңірде 140 өрт ошағы тіркелді
Павлодар облысында дала өртеніп, бүтін бір ауыл тұрғындары эвакуацияланды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Шарбақты ауданында 3 бірдей ауылда құрғақ шөп жанған. Қызыл жалын лезде тарап, ауылға қауіп төндірді. Сондықтан өрт ошағына ең жақын орналасқан Қосқұдық ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Жалын шарпыған аумақ 1 мың гектарды құрайды.
«Ауылдан алдын ала 14 адам, оның ішінде 4 әйел Шарбақты ауданына жіберілген болатын. Қалған 30 тұрғынның 16-сы сол ауылда қалды. Олар өрт сөндіруге көмектесті», - деді облыстық ТЖД бастығы Ернұр Өтегенов.
Бұдан бөлек, 6 учаскеде өрт шықты. Ол жерде өрт сөндірушінің бірін күйік шалған. Дәрігерлер оның жағдайы бірқалыпты екенін айтады. Соңғы апта өңірде 140 өрт ошағы тіркелді. Оның 60-тан астамы даладағы алқаптарда болған. Шығын көлемі әзірге белгісіз. Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдайға тұрғындардың шабындық жерлерде қалған ескі шөптерді өртеуі себеп болған.