Қарағанды облысының тұрғыны 40 млрд теңгеге жалған шот-фактура жазып берген
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Қарағанды облысының тұрғыны жұмыстарды нақты орындамай жалған шот-фактураларды жазып беру бойынша қылмыстық әрекетке барған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
«Қылмыстық схема сатып алушы контрагенттермен үшжақты шарт жасасу арқылы микроқаржы ұйымдарда алынған жалған займдарды пайдалану арқылы жүзеге асқан. Контрагент бақылауындағы ЖШС-ге емес, МҚҰ-на қарызды өтеу түрінде төлем жүргізген», - деп атап өтті ҚМА өкілдері.
Бұл қылмыс жасаушы азаматтарға қарыз беру шарттары негізінде қолма-қол ақша алуға және оларды жеке тұлғаларға беру арқылы жалпы сомадан 2-6%-ға дейін материалдық пайда алуға мүмкіндік берген.
«Мәселен, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін сатып алушы контрагенттері бар 9 компания бойынша жалпы айналым 40 млрд теңгеден асты. Тергеу барысында жалған шот-фактураларды жазып беруге байланысты қылмыстық әрекетті бұрын осыған ұқсас қылмысы үшін 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Қарағанды облысының тұрғыны ұйымдастырғаны анықталды», - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде тергеу жалғасып жатыр.
ҚМА өкілдері жалған мәмілелер жасасу, қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру ел бюджетіне миллиардтаған салықтардың түспеуіне әкеліп соғатынын, экономикалық қылмыстың бұл түрі мемлекеттік әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге, жаңа жол, аурухана, мектеп салуға кедергі келтіреніні ескертеді.