Үш адам қаза тапты: БҚО-да жол апатынан аман қалған жасөспірімнің жағдайы туралы айтылды
Бала Ақжайық аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр

Батыс Қазақстан облысында үш адам қаза тапқан жол-көлік апатынан аман қалған жасөспірімнің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мой город» басылымы хабарлағандай, дәрігерлер Орал – Атырау тасжолындағы апаттан аман қалған 15 жастағы өзбекстандық азаматтың жағдайын айтты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі баланың Ақжайық аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.
«Оған облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлері келіп, ота жасады. Науқастың жағдайы тұрақты және ауыр деп бағаланып отыр. Жасөспірім қажетті ем қабылдап жатыр», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 20 қаңтарда сағат 17:00 шамасында Орал– Атырау тасжолында болған. Ақжайық ауданы Самал ауылы маңында Mazda CX-7 көлігі қарсы келе жатқан жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысып, соның салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі және оның екі жолаушысы – 40 жастағы әйел мен 12 жастағы бала қаза тапты. 15 жастағы жасөспірім Ақжайық аудандық ауруханасына жатқызылды. Олардың барлығы Өзбекстан азаматтары болған.
Қазіргі кезде аталған дерекке қатысты тергец жүргізіліп жатыр.