Қатты дауылдан үш облыста 395 әкімшілік ғимарат зардап шекті – ІІМ

Автор: Azattyq Rýhy

Ақмола облысында екі адам қаза тапса, СҚО-да екі адам зардап шекті

скриншот: youtube

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин 7 сәуірде болған қатты дауылдың зардабы туралы айтты.

«Ақмола облысында қатты желдің салдарынан ұшқан шатыр екі адамның өмірін қиды. Қаза тапқан адамдардың отбасына көңіл айтамын. Оның біреуі сол жерде жан тапсырған қызметкер. Екіншісі ауруханаға жеткізілгенімен, кеше қаза тапты. Солтүстік Қазақстан облысының екі тұрғыны зардап шегіп, ауруханада жатыр. Олардың өміріне төнген қауіп жоқ», - деді ол.

Сондай-ақ қолайсыз ауа райының салдарынан жарықсыз қалған Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында электр энергия станциясы қалпына келтіріліп жатқанын айтты.

«Бүгін кешкі сағат 18:00-ге дейін бәрін қалпына келтіріп, жарық беріледі деп жоспарланып отыр. Жалпы үш облыстағы жағдай бойынша: Ақмола облысында – 210, Қостанай облысында – 92, Солтүстік Қазақстанда – 93 нысан, жалпы саны 395 әкімшілік ғимарат зардап шекті», - деді Юрий Ильин.

Естеріңізге сала кетейік, 7 сәуірде қатты дауыл соғып, Көкшетау қаласында тұрғын үйдің шатырын жұлып әкетті. Ал СҚО-да болған дауыл 24 ғимараттың шатырын ұшырып әкетті

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан