Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында тайғақ күтіледі – ІІМ
Қалың тұман түсіп, күн суытады
Жауын-шашын және тұман түсуі, сондай-ақ ауа-райының күрт төмендеуі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарында күтіледі, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігі.
Осы орайда, ІІМ аталған өңір тұрғындарына жолдарда мұқият болып, жылдамдық режимі және арақашықтықты, жол ережесінің басқа да талаптарын сақтау қажеттігін еске салды.
«Көктайғақ кезінде автомобильмен қауіпті маневрлер жасау және шұғыл тежеу жол-көлік оқиғаларын жасауға әкеп соғады. Жаяу жүргіншілер де дымқыл және тайғақ жолда автомобильдің тежегіш жолының ұлғаятынын ескеруі қажет. Сондықтан көлік құралының тоқтағанына көз жеткізу керек», - делінген хабарламада.
ІІМ жылдамдықты арттыру, ескерту белгілеріне назар аудармау және елемеу әрекеттерінің салдарлары қайғылы жағдайларға әкеп соғатынын ескертеді.