Ішкі істер министрлігінің қызметкері коронавирус жұқтырған

Автор: Azattyq Rýhy

Қауіпті вируспен күресіп жүрген полицейлерге 60 млрд теңге бөлінді

фото: Батыржан Беспаев

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин айтты. Оның айтуынша, қазір науқастың жағдайы бірқалыпты.

«Бір қызметкерден коронавирус табылды. Қазір ем алып жатыр. Жағдайы бірқалыпты. Жалпы, 530-дан астам полицей қызмет барысында коронавирус жұқтырған адамдармен, олардың жақындарымен тікелей байланыста болған. Қазір осы адамдардың 30-ы стационарлық ем қабылдауға жатқызылса, 80 адам үй жағдайындағы карантинде. Ал, қалғандары қызметін жалғастырып жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ Юрий Ильин қауіпті індеттің таралмауын қамтамасыз етіп жүрген полицейлерге мемлекеттен тарапынан сыйақы берілетінін айтты.

«Төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларының саны 52 мыңға жетеді. Олардың ішінде басшылық қызметтегі полицейлерді емес, қатардағы қарапайым қызметкерлерді айтып отырмын. Сол полицейлердің жалақасына бір айлық көлемінде қосымша жалақы төленеді. Бұл жерде әр полицейдің жалақасы әртүрлі екенін ескеру керек. Жалпы сыйақыны тағайындау үшін 60 млрд теңге қарастырылған», - деді Ішкі істер минтстрінің орынбасары.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан