АҚШ пен Ұлыбритания Йеменге қарсы әскери шабуылды бастады
АҚШ пен Ұлыбритания Йеменнің солтүстігіндегі «Ансар Алла» (хусит) қозғалысының нысандарына қарсы әскери операция бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Голос Америка» агенттігінің мәліметінше, бұл шабуыл ирандық топтарға қарсы бағытталған. Қос алпауыт ел әуеден, су үсті кемелері және сүңгуір қайықтар арқылы да соққы жасап жатыр. Сана халықаралық әуежайы американдық-Британдық коалицияның жаппай бомбалауына ұшырады. Сана, Эль-Ходейда, Саада және Дамар провинцияларына да шабуыл жасалды. Соққылардың бірі Ходейда портының маңында болды.
«Бүгін менің нұсқауым бойынша АҚШ әскери күштері Ұлыбританиямен бірге және Австралия, Бахрейн, Канада және Нидерландының қолдауымен Йемендегі бірқатар нысандарға сәтті соққы берді. Хусит көтерілісшілері әлемдегі ең маңызды су жолдарының бірінде навигация еркіндігіне қауіп төндірді. Бұл соққылар хуситтердің Қызыл теңіздегі халықаралық теңіз кемелеріне бұрын - соңды болмаған шабуылдарына, соның ішінде тарихта алғаш рет кеме баллистикалық зымырандарын пайдалануға тікелей жауап болып табылады», - деді АҚШ президенті Джо Байден шұғыл үндеуінде.
Ақ үй басшысы хуситтердің 27 шабуылынан 50-ден астам елдің коммерциялық кемелері зардап шеккенін және ұйым 9 қаңтарда американдық әскери кемелерге қарсы ең үлкен шабуыл жасағанын айтты. Бейсенбі күні Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунак өзінің Министрлер Кабинетіне Йемендегі әскери операцияға қалайда араласатындарын жариялады. Йеменнің көп бөлігін басқаратын хуситтер хамасқа қолдау көрсету үшін аймақтағы теңіз маршруттарына шабуыл жасайды. Хуситтер бұған жауап ретінде Израиль кемелеріне немесе Израиль порттарына бет алған кез келген кемелерге шабуыл жасауға ант берді.