Нұр-Cұлтанда үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасы көмек сұрайды

Автор: Azattyq Rýhy

Отбасы мүшелерінің киетін киім-кешегі де қалмаған

Көктал-1 ықшамауданында өрт шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше дағдайлар департаменті хабарлайды.

«07.04.2020 жылы сағат 18:53 Көктал-1, Қоянды, 7 мекенжайында өрт шыққаны туралы қоңырау түсті. Сағат 18:59 кезекші өрт сөндіру бригадасы оқиға орнына жетті.  Төтеншеліктер жеткенге дейін жеке үй шатырының ағаш конструкциялары жанып кеткен. Өрт сағат 19:03 ауыздықталды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Аягөз Фазылова.

Azattyq Ruhy тілшісі баспанасы жанып кетіп, 4 баласымен далада қалған отбасының жақындарымен тілдесті. Үй иесі Меруерт Төлегенованың сіңілісі Арайлым Төлегенованың айтуынша, өрттен үйдің сау тамтығы қалмаған. Екінші қабат түгелдей жанып кеткен.

«Өртті сөндірген кезде бірінші қабаттағы дүние-мүлік судың астында қалды. Кейбір заттарды далаға шығардық. Бірақ жарамсыз болып қалды. Балалардың киер киімі де жоқ. Әпкемнің 4 баласы бар. Үлкені 20-да, кішісі 4 айлық. Өзі бала күтімімен үйде отыр. Күйеуі ғана жұмыс істейтін. Оның өзі төтенше жағдайға байланысты жұмыссыз үйде отыр», - дейді Арайлым Төлегенова.

Осылайша, 4 баласымен туысының үйін паналап отырған отбасы әлеуметтік желіде халықтан көмек сұрады.

«Құрметті қазақстандықтар, сіздерден осындай қиын жағдайда қол ұшын беруді сұраймыз. Жағдайыңыз жеткенше көмектессеңіздер екен. Азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдарын берсеңіздер де болады. Әпкемнің Kapi Gold картасы жоқ. Сондықтан менің нөмірім көрсетілген», - деді ол.

Төменде Арайлым Төлегенованың нөмірі мен Kaspi Gold картасының нөмірі көрсетілген. 8 (775) 578-61-13, 5169 4971 1135 5206

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан