Ол жердегі камералар жұмыс істемейтін болып шықты
Алматының Аққкент шағынауданына қарасты жерасты өткелінде жас қызды белгісіз біреу ұрып-соғып, зорлап кеткен. Қылмыс болғанына 4 күн өтсе де, күдікті әлі табылмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қылмыстық оқиғаның Ақкент шағынауданында болғаны туралы видео әлеуметтік желілерге тарап кетті. Автордың сөзінше, жерасты өткелінде бірде-бір камера жұмыс істемейді.
«23 жастағы қыз жерасты өткелінен жалғыз өткен. Белгісіз ер адам оны қылқындырып, талдырып, ұрып, зорлап кеткен. Енді сол адамды полиция іздеп таба алмай жатыр. Жерасты өткеліндегі бірде-бір камера жұмыс істемейді екен. Адамды өлтіріп кетсе кім жауап береді, құрметті әкімдік, құрметті Сағынтаев мырза?», - дейді оқиға орнында видео авторы.
Полиция департаментінің хабарлауынша, іс тіркеуге алынған. ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы «зорлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Олардың әрекеттері оқиғаның мән-жайын және күдіктінің жеке басын анықтауға, сондай-ақ оны қамауға алуға бағытталған. Зардап шегуші кеше зорлады деді, алдында зорламақ болды деген. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, біз оның нәтижесін күтеміз. Іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілуде. Кінәлі адам анықталып, Қылмыстық кодекске сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады», - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы