Түркістан облысында банктер алдына жиналған халық нөпірі азайды – әкімдік

Автор: Azattyq Rýhy

Облыста үш елдімекенде тұрғындар шу шығарды 

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов аудан орталықтары банк бөлімшелерінің алдына жаппай кезекке тұрған халық туралы пікір білдірді. Айтуынша, 42500 теңге жәрдемақыға өтініш беру үшін шот ашуға жиналғандарға түсіндірме жүргізіліп, біразы үйлеріне қайтарылған. Ұқсас жағдайлар бірнеше ауданда болыпты.

«Қазір адамдарды кезекке рет-ретпен қойып жатырмыз. Тәртіпті сақтау үшін полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Бәрі 42 500 теңге жәрдемақыға өтініш беруге шот ашу үшін, карточка алу үшін келген. Түсіндірме жұмыстарын жергілікті жерде әкімдер, ішкі саясат бөлімдері жүргізді. Кезекке 2 метр қашықтықты сақтап тұрғызамыз. Тек Ордабасы, Сарыағаш аудандары ғана емес, Түркістан қаласында да сондай жағдай болды. Асықпай келуге болатынын айтқаннан кейін халық тарады. Жартысы кезекте қалды. Бүгін бөлімшелерде ондай нөпір жоқ», - деді С.Қалқаманов. 

Еске салсақ, кеше әлеуметтік желілерде Сарығаш және Ордабасы аудандарының орталықтарындағы «Қазпошта» мен банк бөлімшелері алдында жиналып, шу шығарған тұрғындардың видеолары тарады. Олар кезекте тиісті арақашықты сақтамай, полициямен жанжалдасқан.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан