Ақтөбе облысында әскери қызметкер әріптесін атып өлтірді
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу басталды
Ақтөбе облысындағы «Қиялы» шекара заставасында келісімшарт бойынша жұмыс сітеп жүрген әскери қызметші әріптесін атып өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақтөбе гарнизоны әскери прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қайғылы оқиға 2023 жылдың 2 желтоқсанында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің «Қиялы» шекара заставасында болған.
«Келісімшарт бойынша жұмыс істейтін Б. есімді әскери қызметші әріптесі Ж.-мен (ол да келісімшарт бойынша әскери қызметші болған) сөзге келіп қалып, өзіне бекітілген қарудан оған оқ атқан. Соның салдарынан Ж. жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды», - делінген Ақтөбе гарнизонының әскери прокуратурасының хабарламасында.
Аталған факті бойынша Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Ұсталған әскери қызметші Б.-ға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылады.