Өртке қарсы 25 адам, 7 техника жұмылдырылды
Алматыда Бостандық ауданында орналасқан тұрғын үйдің электр тарату желісінен өрт шығып, дәлізді қою түтін басқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қалалық ТЖД мәліметінше, 3 желтоқсанда сағат 20:17-де өрт сөндірушілер Бостандық ауданына қарасты Розыбакиев көшесі, 208 мекенжайына жіберілді.
«Оқиға орнына 4 минутта жеткен өрт сөндірушілер қысқа тұйықталудың себебінен 4-қабатты тұрғын үйдің 3, 4-қабаттарында электр тарату желісінен өрт шыққанын анықтады. Үйдің дәлізін қою түтін басып, пәтерлерінде қалып қалған тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Бұл ретте өрт сөндірудің басшысы дұрыс шешім қабылдады. Нәтижесінде газ-түтіннен қорғау қызметінің өрт сөндірушілері 4 адамды – пәтер иесін, оның жұбайын, 1999 жылы туған қызы мен 71 жастағы қарияны таза ауаға шығарды, сондай-ақ 70 адам эвакуацияланды. Айту керек, қысқы маусымда өрт шыққан кезде адамдар бар нысандарға жылыту мен уақытша орналастыру үшін техника жіберіледі», - деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.
Өрт сағат 20:40-та толық сөндірілді. Өртке қарсы 25 адам, 7 техника жұмылдырылды.
Қабылданған шаралардың арқасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер болған жоқ. Эвакуацияланған тұрғындар ауруханаға жатудан бас тартты.