Жамбылдағы жаппай улану: асхана тағамынан 12 түрлі ішек таяқшасы табылды
Толық сараптама қорытындысы 21 қарашадан соң белгілі болады

Астан ұшынып, ауруханаға түскен жамбылдық оқушылардың неден уланғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.
Ағарту ошағына арнайы тексеріс жүргізген мамандар асханадағы тағам түрлерінен 12 түрлі ішек таяқшасын тапқан. Толық сараптама қорытындысы 21 қарашадан соң белгілі болады.
Осыдан екі апта бұрын Байзақ ауданы, Киікбаев гимназиясының 60-тан аса оқушы астан ұшынған болатын.Салдарынан, 35 адам ауруханаға жатқызылды. Науқастар арасында екі мұғалім бар. Ал сол күні бастауыш сыныпта оқитын 440 бала тағам тұтынған. Осы оқиғадан кейін мектепте асхана қызметі уақытша тоқтатылды. Ал бүгінде астан уланып ауруханаға түскендер үйлеріне жіберілді. 2 мыңнан астам оқушысы бар мектептің аспазы мен ас жеткізген жеке кәсіпкер де тергелуде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары әлі де жалғасуда.