СҚО-да су тасқыны: 10 жол учаскесін су шайып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл су тасқыны өткен жылдармен салыстырғанда ерте басталып отыр

Суретте: Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин, СҚО әкімінің орынбасары Антон Федяев, СҚО ТЖ департаментінің бастығы Рамиль Камалов

Солтүстік Қазақстанда көктемгі су тасқыны басталды. Сергеев қоймасындағы су деңгейі арнасынан 30 сантиметрге асып кеткен. Осының кесірінен облыстық маңызы бар 10 жол учаскесін су шайып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мамандардың болжамынша, 10-12 күн шамасында су тасқыны Петропавлға жетеді.

«Облыста су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу мақсатында қауіпті аймақтарға әуеден бақылау жүргізілді. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, СҚО әкімінің орынбасары Антон Федяев, СҚО ТЖ департаментінің бастығы Рамиль Камалов Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласының аумағын тікұшақпен қарап шықты. Имантау, Кіші Торанғұл және Үлкен Торанғұл көлдеріндегі мұздың жағдайын бағалады. Облыстың басты су артериясы – Есіл өзені мен оған құятын Шарық, Ақанбұрлық, Бабықбурлық, Иманбурлық, Жембарақ, Қамықсақты өзендері орналасқан аумақтарда қауіп басым. Жалпы, ылғал қоры облыстың оңтүстік өңірінде – Айыртау, Ғ. Мүсірепов, Тимирязев аудандарында сақталуда», - деді СҚО ТЖ баспасөз хатшысы Евгний Журавлев.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Есіл өзеніндегі су деңгейі соңғы тәулікте 30 сантиметрге көтерілген. Биыл су тасқыны өткен жылдармен салыстырғанда ерте басталып отыр.

«Солтүстік өңірде қар еріп бітуге жақын. Қызыл судың басым бөлігі буланып кетті. Биыл жердің беті айтарлықтай қатқан жоқ. Ылғалдың біраз бөлігі топыраққа сіңіп үлгерді. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 92 ауылды су басуы мүмкін деген болжамдар жасалған болатын. Қазір қауіп сейіліп, бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін төмендеді», - деді «Қазгидромет» РМК СҚО филиалының директоры Қымбат Мергалимова.

Төтенше жағдай қызметі облыс аумағында су тасқыны болған жағдайда жедел әрекет ету үшін құрамында 484 адам бар арнайы топ жасақталғанын жеткізді. 155 бірлік техника, 8 жүзу құралы және 72 мотопомпа бар.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО