Сәтбаев қаласындағы жеке үйлердің бірінен 23 ақбөкеннің ұшасы табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктілер жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін

Сәтпаев қаласының полицейлері қала аумағында орналасқан жеке үйдің гаражынан атылған 23 ақбөкеннің ұшасын тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға орнын қарау кезінде одан басқа 6 терісі мен 10 ақбөкен мүйізі, 3 тегіс ұңғылы мылтық, 54 патрон, Nissan Patrol маркалы автомашина табылып, тәркіленді.

«33-40 жас аралығындағы үш күдікті ер адам ұсталды, олардан заттай дәлелдемелер тәркіленді, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 2-бөлігімен  бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.

Осы баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.