Олардың өкпелері сыр берді
Алматы қаласында қауіпті індетті жұқтырғандар саны 90 адамға жетті. Бүгінгі жағдай бойынша аурудан емделіп шыққан адамдар саны – 11. Оның біреуі кеше ауруханадан жазылып, үйіне шықты деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы 2 адамның ауыр халде жатқанын мәлімдеді. Олар өкпені жасанды желдету аппаратының көмегімен тыныс алып жатыр.
«Қазіргі уақытта Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 90 жағдайы тіркелді. Алматы облысынан келген 1 пациентті ескерсек, қаладағы инфекциялық стационарларда КВИ жұқтырған 80 адам жатыр, оның ішінде 1 бала бар. Екі ересек адамның жағдайы ауыр. Оның біреуі әйел, екіншісінің кеше жағдайы қиындаған соң, арнайы аппаратқа қостық», - деді Тілеухан Әбілдаев.
Алматыда қазіргі уақытта провизорлық орталықтарда барлығы 619 адам бар, оның 81-і – бала. Екі күндік карантиндік оқшаулауда 520 адам жатыр, оның ішінде 50 бала бар. Үй карантинінде 3853 азамат жатыр.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы