Алматыда ірі жол апатынан зардап шеккен үш адамның жағдайы ауыр

Автор: Azattyq Rýhy

Науқастардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр 

stv-online.kz

Алматыдағы ірі көлік апатының салдарынан ауруханаға түскен 6 адамның үшеуінің жағдайы ауыр. Қалған үшеуі амбулаторлық ем алу үшін үйлеріне жіберілді. Бұл туралы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі Ермек Желдібаев Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді. 

«Бір науқастың оң жақ жамбас сүйегі орнынан қозғалып кеткен. Ал екінші адамның иығы шығып, оған жалғасқан сүйектері үгітіліп сынған. Тағы бір науқас екінші деңгейлі травматикалық шок алған, бас миының шайқалуы және оң жақ жамбас сүйегінің сынығы бойынша операция жасалады. Науқастардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр», - дейді дәрігерлер.

Кеше түнде 1999 жылы туылған BMW жүргізушісі мас күйінде бағдаршамның қызыл түсіне шығып кетіп, батыс бағытта қозғалып келе жатқан Audi машинасымен соқтығысқан.

Одан әрі BMW жүргізушісі қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып, Сейфуллин даңғылымен оңтүстікке қарай келе жатқан Subaru Forester және Toyota Carina машиналарымен соқтығысады.

«Жол апаты салдарынан Audi автокөлігінің 1992 және 1993 жылы туған екі жолаушысы оқиға орнынада қаза тапты. Тағы алты адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі.

Бұл дерек ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. BMW жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған қылмыстық істің материалдары Алматы қаласы ПД тергеу басқармасымен өндіріске алынды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы