ШҚО-да бірнеше тұрғыны ТЖ тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Шығыс Қазақстан облысының бірнеше тұрғыны төтенше жағдай кезінде отбасылық шара өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментірің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«30 наурыз күні Аягөз ауданының тұрғыны отбасылық салтанатты кеш өткізген. Аягөздік әйел ұлының туғанына 14 күн толғанын атап өткен.
Сондай-ақ, 28 наурыз күні дәл осындай жағдай Семей қаласында да тіркелді. Қала кафелерінің бірінде жергілікті тұрғын меймандар шақырып, ұлының бір жасқа толған туған күнін атап өткен», - делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Екі жағдайда да сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылған әйелдерге 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Облыстық полиция жергілікті тұрғындардан енгізілген шектеулерге жауаппен қарауға шақырады. Сондай-ақ, бекітілген шектеулер мен тыйымдарды, оның ішінде отбасылық шараларды өткізбеу туралы тыйымдарды қатаң сақтау қажет екенін еске салады