ШҚО-да қоғамдық моншадағы жылыту қазандығы жарылып, бір адам қайтыс болды
Қазандық жарылған кезде монша ішінде келушілер болмаған

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы қоғамдық моншада жылыту қазандығы жарылып, 1 адам көз жұмды. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттің мәліметінше, оқиға 14 қазанда Зайсан қаласындағы Боқажанов көшесінде орын алған.
Бірқабатты қоғамдық моншада қатты отынмен жұмыс істейтін жылыту қазандығы жарылды.
Соның салдарынан бір адам қаза болып, екі адам жарақат алды.
«Жедел жәрдем қызметкерлері 1984 және 1991 жылы туған ер адамдарды медициналық мекемеге жеткізді. Қазандық жарылған кезде монша ішінде келушілер болмаған. ТЖД қызметкерлері жартылай құлаған ғимаратты тазалауда», - делінген хабарламада.
Зайсан қаласына облыс әкімі Ермек Көшербаев пен ШҚО ТЖД бастығы Ерғали Бахаев барды.