Алматы облысында атыс болып, бір адам қайтыс болды

Автор: Аманалина Тоғжан

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері атыс қатысушыларын ұстады

Фото: freepik.com

Алматы облысында атыс шығып, бір адам қаза тауып, төрт адам жарақат алды. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері атыс қатысушыларын ұстады.

Адам өліміне алып келген атыс 7 қыркүйек күні болған. Іле ауданының ОАА-ға тегіс ұңғылы қарудан жарақат алған 4 жергілікті тұрғын түсті. Тағы бір адам ауруханаға барар жолда қайтыс болды.

«Аталған деректер ҚР ҚК 99-бабы (Кісі өлтіру) және ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша тіркелді. Оқиғаға қатысушыларды полиция қызметкерлері анықтап, ұстады. Жағдайлар анықталуда», - деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.

ПД бастығы қазіргі уақытта сараптамалық тексерулер тағайындаумен барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, Алматы облысында жағдай тұрақты және бақылауда.