Павлодар тұрғыны коронавирусты Нұр-Сұлтанда жұқтырған

Автор: Azattyq Rýhy

Ол коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған

Павлодар облысы тұрғынының COVID-19 вирусын Нұр-Сұлтан қаласында жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы  облыстың Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Берікжан Досмайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«27 наурызда Павлодар облысының 1988 жылғы тұрғынынан коронавирус инфекциясы анықталды. Ер азамат бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясына шалдыққан адаммен байланысқа түскен. Пациент белгіленген алгоритмге сәйкес инфекциялық госпитальге жатқызылды. Қазіргі уақытта пациент жағдайы қалыпты, температурасы тиісті деңгейде. Денсаулығына байланысты шағымы жоқ. Ер азаматпен байланысқа түскен адамдар анықталды және эпидемияға қарсы қажетті шаралар қолданылуда», - деді Берікжан Досмайылов.

Айта кетерлігі, 27 наурыз сағат 14:20-дағы жағдай бойынша Павлодар облысында бір азаматтың COVID-19 вирусын жұқтырғаны анықталған болатын. Осылайша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 125 адамға жетті.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан