Тінту шарасы кезінде 692 грамм мефедрон синтетикалық препараты табылып, тәркіленді
34 жастағы ер адам Ақтаудағы суши-маркеттер желісінің басшысы болып жұмыс істеген. Тінту шарасы кезінде одан барлығы 692 грамм мефедрон синтетикалық препараты табылып, тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты есірткі және психотроптық заттарды жасырғандарды 10 жылға бас бостандығынан айырды. 34 жастағы ер адам Ақтаудағы суши-маркеттер желісінің басшысы болып жұмыс істеген. Екінші 32 жастағы ер адам оған заңсыз істе көмектесіп отырған. Олар психотроптық заттардың партияларын жасырып, есірткіні буып-түю бойынша тапсырмалар мен координаттарды Telegram қосымшасы арқылы алып отырған», - деді Шұғыла Тұрлыбек министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, тінту шарасы кезінде барлығы 692 грамм мефедрон синтетикалық препараты табылып, тәркіленді.
«Айыптылардың әрекеті ҚР Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі 1 және 3-тармақтары бойынша сараланды. Яғни, адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде сатып алуы, сақтауы, тасымалдауы. Сот қылмыстық топтың екі негізгі мүшесін 10 жылға бас бостандығынан айырды», - деді министрліктен.