ШҚО-да 80-нен асқан кейуана орманда жоғалып кеткен

Қарияны полиция қызметкерлері тапты

ШҚО-да 80-нен асқан кейуана орманда жоғалып кеткен

ШҚО полицейлері орман алқабында адасып кеткен қарияны іздеп тапты, деп жазады Polisia.kz.

83 жастағы ауыл тұрғыны саңырауқұлақ теріп жүріп, адасып кеткен.

«2 қыркүйекте кешке Самар аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 83 жастағы әжесін іздеуге көмек сұраған қыз бала жүгінген. Арызданушының айтуынша, олар туыстарымен бірге саңырауқұлақ теру үшін орманға барған, бірақ бір сәтте әйел адамды көзден таса етіп алған», - делінген хабарламада.

Бірнеше сағат бойы қарияны іздеген туыстары еш нәтиже болмандықтан, шұғыл түрде полицияға хабарласуға шешім қабылдаған. Тәртіп сақшылары іс-қимыл жоспарын құрып, орман алқабын қарауға кірісті.

«Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жедел әрекеттері арқасында бір сағат ішінде егде жастағы әйел адам аман-есен табылды. Немересі әжесін іздеп, тауып берген полицейлерге шын жүректен алғыс білдірді», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.